Жаңалықтар. Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы

Болашақ Қазақстан-Қытай жер сілкіністерін зерттеу жөніндегі бірлескен орталығы ғимаратының ашылуы

2026 жылдың 8 тамызында Алматы қаласында болашақ Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығы ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Орталық Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС базасында құрылуда.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю, ҚХР Жер сілкіністері жөніндегі әкімшілігінің Геофизика институтының өкілдері, мемлекеттік органдардың, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері және шақырылған қонақтар қатысты.

Орталықтың құрылуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасында жоғары мемлекеттік деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың нәтижесі болып табылады және сейсмология, геофизика және сейсмикалық тәуекелдерді төмендету салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған.

Салтанатты рәсім аясында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және Орталықты құру жобасын іске асыруға елеулі үлес қосқан тұлғаларға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды.

Іс-шараның маңызды бөлігі Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы мен Қытай Халық Республикасының Жер сілкіністері жөніндегі әкімшілігінің Геофизика институты арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды. Құжат геофизика және сейсмология салаларындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуды, бірлескен зерттеулер жүргізуді, ғылыми тәжірибе алмасуды, мамандар даярлауды және сейсмикалық мониторингтің заманауи технологияларын дамытуды көздейді.

Ресми бөлімнен кейін қонақтар болашақ Орталықтың ғимаратымен, оның техникалық мүмкіндіктерімен және алдағы жұмысының негізгі бағыттарымен танысты.

Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығының қызметі бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, сейсмикалық мониторинг және жер сілкінісі туралы ерте ескерту жүйелерін жетілдіруге, сейсмология мен геофизика салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталатын болады.

Орталықтың құрылуы Қазақстан мен Қытайдың ғылыми-техникалық әлеуетін біріктіруге және сейсмикалық тәуекелдерді зерттеу мен төмендету саласындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
2026-08-12 22:11